«Кітап тайм – 2025» IV жалпы республикалық кітап фестивалі аясында аудандық кітапханада ерекше форматтағы шара – Библио-кафе «Кітап дәмханасы» ұйымдастырылды.
Шараға №2 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты. Балалар кітапхананың кітап дәмханасына қонақ болып келіп, мәзір бойынша «тапсырыс» берді. Әр тапсырыс – қызықты тапсырмалар мен ойын түрінде ұсынылды. Оқушылар мақал-мәтелдерге, жұмбақтарға жауап беріп, әдеби ойындарға қатысып, өз білімдері мен тапқырлықтарын сынады.
Іс-шара барысында «Кітап – білім бұлағы», «Даналықтың асыл қазынасы», «Ғылым әлеміне саяхат», «Шытырман оқиғалар әлемі», «Әдеби хайуанаттар бағы» атты кітап көрмелеріне шолу жасалып, оқушылар түрлі тақырыптағы кітаптармен танысты. Сонымен қатар, кітапханашылар балаларды кітапхана ережелерімен де таныстырды.
Жазғы демалыс кезеңінде көп кітап оқып, белсенділік танытқан оқырмандар «Жазғы оқулар – 2025» акциясы аясында марапатталып, ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Бұл шара балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты нығайтты.

