26 маусым күні аудандық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен елімізге әйгілі ақын, атақты азамат, белгілі педагог — Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған «Халқының жүрегінде ақын жыры»атты әдеби кеш өткізілді. Кештің мақсаты: ақын өмірі мен шығармашылығы, поэзия әлеміндегі алатын орны. Ақынның қуатты өлеңдері арқылы жастардың жүрегіне от беретін үнді әуен қалдыру. Әдеби кеш мектеп оқушылары мен мектептен тыс білім беру орталығы мұғалімдерінің қатысуымен өтті. Оқушылар Мағжанның өлеңдерін нақышына келтіріп, тебірене оқыды. Батыр бабаларымыздың ерлігін жырлаған «Батыр Баян» деректі фильмінен қысқаша үзінді көрермендер назарына ұсынылды. Кітапханашы Тугелова Нұрсұлу Жұмабекқызы «Мағжан мұрасы – ұрпақ санасында» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады. Мағжан поэзиясы мәңгі өшпес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына, махаббат, сүіспеншілік, адам жүрегінің мың сан дірілін шеберлікпен бейнелеген жұп-жұмыр жауһар дүние. Кеш соңында сөз кезегі Аудандық қазақ тілі қоғамының төрайымы Жұмағалиева Мәриям Төреғалиқызына берілді. Кітапхана ұжымы мен оқушыларға өз лебізін білдіріп, жас ұрпақтың Тәуелсіз еліміздің сенімді, білімді азаматы болып өсулеріне тілектес екенін айтты.
|