26 қыркүйек күні Елбасы
Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аудандық кітапхана мен аудандық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы халықтарының тілдер мерекесі күніне орай «Тілім – өлшеусіз қазына» атты сайыс өтті. Сайыстың мақсаты – мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілік сезімді оята отырып шешендік сөздер мен мақал-мәтелдерді ұтымды пайдалануды үйрету, ана тілді құметтеуге шақыру. 6 сайыскер қатысқан шараға аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Мариям Жұмағалиева, аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Гүлсім Омарова және аудандық кітапхананың әдіскері Баян Абиева қазылық етті. Сайыс басталмас бұрын аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Мариям Жұмағалиева тіл мерекесінің шығу тарихын баяндап, көрермен ретінде жиналған мектеп оқушылары мен Хромтау тау-кен техникалық колледжінің студенттеріне қазақ тілінің терең тіл екенін және Қазақстан халқы үш тілді меңгеру арқылы жоғары білімді ел ретінде танылу керектігін айтып өтті.Сайысқа қатысушылар 5 кезең бойынша сыналды. І кезеңде өздерін таныстырса, ІІ кезеңде туған жер, салт-дәстүр, достық, отбасы, адамгершілік тақырыптарында мақал-мәтел айтып жарысты. ІІІ кезеңде түрлі жаңылтпаштарды айтып сайысса, ІV кезеңде қазылар алқасы ұсынған сұрақтарға жауап беріп, V кезеңде өз өнерлерін көрсетті.Сайыстың қорытындысы бойынша І орынды аудандық мәдениет үйінің қызметкері Гүлдана Баймағанбетова жеңіп алса, ІІ орынды №5 «Ақбота» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Светлана Кенжалиева иеленді. №4 «Гүлдер» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Гүлшат Курманова жүлделі ІІІ орынға ие болды. Сайысқа қатысушылар мен жүлделі орындарға ие болған сайыскерлер арнайы алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.
|