Поэзияны сұлулық пен көркемдік әлеміне теңесек, соның тылсымын ұғуға ұмтылып талаптанып, қалам ұстаған жергілікті жас ақындармен «Жас толқын жырлары» атты кездесу кеші өткізілді.Хромтау аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен өткен шараға жергілікті жас ақындар Сағыныш Оразайқызы, Бисенбаева Сайрагүл Таңатарқызы, Қалмұратов Жомарт Саматұлы, Реймов Қуандық Есболсынұлы, Айбол Сағынжанұлы, №1, №3 Хромтау орта мектептерінің оқушылары мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Кештің мақсаты: Өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген жас ақындарымыздың өрнегі мол жырларын оқуға насихаттау, жастардың кітап оқуға құлшынысын арттыру,өлеңдерін көпшілік оқырманның жүрегіне жеткізу. Шара барысында оқушылар ақындардың шығармашылығы және өмір жолдарымен кеңінен танысты. Ақындар жүректен жарып шыққан туындыларын оқып, олардың шығу тарихымен бөлісті. Қонақ кәдесімен келген айтыскер ақын Айбол Сағынжанұлы кешке келген көрермендерге қазақтың қара домбырасымен арнауын тарту етті. Кеш барысында жергілікті ақын Сағыныш Оразайқызының сөзіне жазылған «Ауылым» әнін Ерхат Амангелдиев, Нұрболат Бірімжановтың орындауында көрермен назарына ұсынылды. Қаламгерлер оқушылардың сауалдарына жауап беріп, өлең өрімдерін шебер қиюластырудың тәсілдерімен бөлісіп, ағалық кеңестерін берді. «Ақынын құрметтеген ел озады, ақынын сыйламаған ел тозады» демекші ақындарымызға қалай құрмет көрсетсек те артықшылық етпейді және осындай шаралар келешекте жалғасын табары сөзсіз.